Атырау, 16 мамыр 07:49
 ашықВ Атырау +16
$ 441.41
€ 477.78
₽ 4.84

Индер ауданы: Қамданған қапы қалмайды

Сурет Бейнежазба
756 просмотра

«АЖ» тілшісі Индер ауданындағы көктемгі су тасқынына қарсы дайындық барысын өз көзімен көріп қайтқан болатын. Дәл осы сапарда облыс әкімінің орынбаспары Қайрат НҰРТАЕВ та болған еді. 

Өзен ауданға жақын орналасқандықтан қам-қарекет ерте қолға алынып, зерттеу жұмысы жүріп, қауіпті деген аймақтарға бөгет тұрғызылған. Негізі «қызыл» аймақтағы қауіпті жерге Жарсауат, Құрылыс елді мекендері кіреді. Құрылыс ауылы маңында 2 км асатын ұзыннан шұбақ өзенмен шектесіп жатқан ескі арна бар екені алдын-ала анықталған. Егер бұл үлкен жыра бітелмесе, тасқын су ауылға жетеді. Әрі ауыл ойда орналасқандықтан, Құрылыс ауылын топан су басуы да ықтимал. Аудан әкімдігі арнаның өзен жақ тұсын бітеп, бөгет тұрғызу қажеттігін дереу қолға алды. Бүгінде бұл аймақта қызу жұмыс жүріп жатыр.

- Алдын-ала қап толы топырақтар дайындалып, содан бөгет жасап жатырмыз. Арнаның ауылға барар тұсы түгел көмілді. Бөгет тұрғызу ісінде оншақты техника жүр. Жалпы ауыл адамдары, үлкеннен кішіге дейін қап толтыруға белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Жиырма күннен бері жұмыс тынбастан жүріп жатыр. 1994 жылы, яғни бұдан 30 жыл бұрын өзен суы тасыған кезде бөгет тұрғызылып, ауылды аман сақтап қалған едік. Енді ескірген бөгетті жаңартып, тағы 1 метрге жоғары көтеріп жатыр. Күні бүгінде жұмыстың 80 пайызы атқарылды, қауіп сейіле бастады, - дейді осы істің басы-қасында жүрген ауыл тұрғыны Нұрбек ҚАДЫРЫМБЕТОВ.

Жарсуат ауылы да өзенге тым жақын, 300-500 метрдей жерде орналасқан. Бұл ауыл да сайда орналасқандықтан қауіп сезіледі. Бұдан 30 жыл бұрын 4,6 км бөгет соғылған екен.

- Енді сол бөгетті көтеріп, жаңартты. Бұрынғы бөгетке қоса 2,3 км бөгет жаңадан соғылды. Ауыл түгел қоршалған. Енді жұмыстың дені атқарылды, үш-төрт күнде бөгеттерді қап толы топырақпен көтеру, іргесін нықтауды аяқтап бітіреміз деп отырмыз. Көмекке 50 сарбаз келді, тағы да 20 адам келмекші. Жалпы ауыл адамдары о бастан бұл жұмыстарға белсене қатысты. Егер өзенге су келу қауіпі туындаса, бірлесе жұмылатынын жеткізіп жатыр, - дейді Жарсуат округінің әкімі Ербол БӨКЕЕВ.

- Біз Тараз қаласынан көмекке келгенбіз. Жалпы Атырау облысына 300 адам болып келдік. Біз Индер ауданына сарбаздармен бірге келіп, құммен қап толтыру, бөгет соғу жұмыстарына атсалысып жатырмыз. Бізге барлық жағдай жасалған. Осындағы спорт кешеніне орналастық, ауыл адамдары өте жылы қарсы алды, - дейді Жандос ҚАЛМҰРАТОВ.

Жалпы ауданның бұдан бөлек өзен бойында орналасқан Есбол, Елтай, Өрлік, Көктоғай, Аққала, Ынтымақ, Бөдене ауылдары мен Индербор кенті аса қауіпті аймақ саналмайды. Бірі өзеннен алыс, биіктеу жерге орналасса, ал кейбір ауылға баратын су жолдарына бөгет тұрғызылған. Мәселен, Елтай ауылына бұрынғы сай арқылы ауыл шетіндегі үйлерге қауіп болғандықтан, ұзындығы 3 метр болатын биік бөгет қапшықтармен толтырылып тұрғызылды. Су келген жағдайда бөгеттің топырағын су шайып кетпес үшін және берік ұстап тұруы үшін астына целлофан төселген. Индербор кентімен іргелес орналасқан Батыс Қазақстан облысының Сарман елді мекені бағытына су шығару үшін техника күшімен ескі арна аршылып жатыр.


- Жайық өзені күрт көтерілген жағдайда судан құтқару жұмыстары бір айдан бері белсенді түрде жүріп жатыр. Бөгеттердің ұзындығы 18 км болса, қосымша бөгетер соғылып, жалпы 28 км жеткізу іске асып, жұмыстың 97 пайызы атқарылды. Бұл жұмысқа 80-нен астам техника тартылды. Жалпы бөгеттерді қайта соғумен бірге геодезиялық түсірілімдер жасалды. Жайық өзені тасыған кезде қанша метрге дейін көтерілетінін анықтауға тырыстық, соған сәйкес жұмыстар жүрді. Өзеннің қауіпті тасу деңгейі 8,5 метр десек, енді 11 метрге дейін бөгеттер тұрғызылды. Ең қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс ауылдары кіреді десек те, жалпы барлық ауылдарға бөгет тұрғызылды, - дейді Индер ауданы әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ.

- Бағырлай каналының қауіптілігі айтыла бастады. Егер канал арнасынан асса, Елтай ауылына қауіп төнуі мүмкін деседі.

- Жалпы бұл каналдың ұзындығы 105 км. Биыл   каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін мердігер мекеме анықталған болатын. Осы мердігер мекеменің көмегімен каналдың су өткізгіштігін арттыру үшін бірінші кезекте 20 км аршу, яғни арнасын кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Егер Батыс Қазақстан облысынан осы бағытқа көлемді мол су келсе, ауылға, «Атырау-Орал» тас жолына шығып кетуі мүмкін болғандықтан сақтық шараларын алдын-ала алып жатырмыз. Жалпы аудандағы 22 көлге су шығып, толықты, - дейді Д.Шамұратов. - Айта кету керек, жалпы көктемгі су тасқынына даярлыққа 1 мыңнан астам ерікті қатысып, күні-түні тынбай еңбек етті. 300-ге жуық сарбаз көмекке келді. Жалпы 500 мыңнан астам қапшық топырақпен қапталса, ал 300 мыңнан астамы қосымша даярланып әзір тұр. Тағы да айтамын, ауыл адамдары бірлік пен ынтымақтаса еңбек етті. Сол себептен оларға зор рахмет айтамын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор         

29 сәуір, 12:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.