Атырау, 13 мамыр 04:45
 бұлттыВ Атырау +14
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Атырауда төрт полицей ауыр қылмысқа әкеп соқтырған әрекетсіздігі үшін сотталды

2 370 просмотра

Бүгін, 19 мамырда №2 қалалық сот Атырау қалалық полиция басқармасының төрт қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Учаскелік инспекторлар К. және А. ҚР ҚК-нің 370-бабының 4-бөлігі бойынша («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік») 4 жылға бас бостандығынан айырылды, ал жедел уәкіл Т. мен тергеуші Л. ҚР ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша ауыр қылмысты жасыру») бойынша, тиісінше 4 және 3 жыл жаза алды. Сот үкімі ҚПБ ұжымының қатысуымен онлайн-трансляция арқылы жарияланды.

Істің мән-жайын еске салайық. Былтыр 20 сәуірде Атырауда 36 жастағы У. деген азамат Д. деген әйелдің пәтеріне балкон арқылы кіріп, басынан ауыр затпен ұрып, (жәбірленушінің балалары бұл заттың балта екенін айтады) өзі дәретханаға кіріп, асылып қалған. Осыған дейін жәбірленуші қылмыскердің оны ұрып-соғып, зорлағанын айтып, бірнеше рет полицияға жүгінген. Бірақ ол емін-еркін бостандықта жүрген.

Бұл оқиға Атырау тұрғынының ер адаммен танысып, оған дереу бірге тұруға ұсыныс жасағанынан басталады. Әйел бас тартады, ол ондай ұсынысқа дайын емес еді, өйткені 4, 11 және 13 жаста үш қызы бар. Алайда, «жігіт» қайта ұсыныс жасайды, ал 6 сәуірде тағы да әйелдің бас тартқаны үшін соққыға жығады. Әйел одан бойын аулақ ұстап, қашып жүреді, бірақ жігіт одан қалмайды. 15 сәуірде ізін аңдып, оның пәтеріне басып кіріп, содан кейін оны полицияға алып кеткен. Ал, кешкісін ол учаскеден амалын тауып шығып кеткен.

№2 қалалық соты баспасөз қызметінің хабарламасына сәйкес, сот учаскелік полиция инспекторлары К. мен А.-ның жәбірленуші Д.-ның арызын қарамай, қылмысты ашуға ешқандай шара қолданбай, жасырып, сол арқылы жұмысын жеңілдету мақсатында қызметтік әрекетсіздік жасағанын анықтады.

Сонымен қатар, жәбірленуші Д., олардың көмегіне жүгінгеніне қарамастан, уәкілетті өкіл Т. мен тергеуші Л. оны алдап, ауыр санаттағы екі қылмысты тіркеуді қасақана жасырған. Нәтижесінде, өзінің жазасыз қалғанын сезінген У., 20 сәуірде жәбірленушіге ауыр дене жарақатын салған.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, оның өкілінің, куәгерлердің берген жауаптарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалар арқылы дәлелденді.

Сот учаскелік полиция қызметкерлері К. және А.-ның кішкентай балалары бар екенін, сотталушы Л.-ның шын өкінуін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды, Т.-да жеңілдететін мән-жайлар анықталмады. Сотталушылардың берген антын бұзуы жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

19 мамыр 2022, 21:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.