Атырау, 29 наурыз 11:37
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Әкім депутаттардың кімнің жағында екенін түсінді

3 691 просмотра

Көрнекі сурет (облыстық мәслихаттың жазғы сессиясы)3 қазанда Атырау облысы мәслихатының VI сессиясы өтті. Депутаттар жергілікті 2012 жылдың бюджетіндегі өзгерістер мен «Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасының» орындалу барысын қарады.

Күн тәртібіндегі соңғы - сессияға үнемі қатыспайтындығы үшін Айбат СҮЛЕЙМЕНОВТІ депутаттық өкілеттігінен айыру туралы мәселені қарау кезінде мәжіліске «жан кірді». Естеріңізге салсақ, А.Сүлейменов бұрынғы әкім кезіндегі көптеген «майшелпек» жобалардың бас мердігері - «СнабОйл» ЖШС директоры боп табылады және оған қатысты да тексерулер жүріп жатыр.

Шешім жобасын облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау ИБРАШЕВ оқып шығуы тиіс еді. Бірақ баяндамашы мінберге жетпей жатып, Индер ауданынан сайланған депутат Бағыт АЙДАШЕВ (суретте) орнынан тұрып: «Біз комиссияда талқыладық қой, оны жариялаудың қажеті қанша, қане, бірден дауысқа салайық!» деді. Дегенмен де Ибрашев шешімді оқып шықты. Онда Сүлейменовті дәлелді себепсіз төрт сессияның жұмысына қатыспағандығы үшін депутаттық өкілеттігінен айыруға ұсыныс жасалған. Депутаттар «қолдап» дауыс берді.

Әрі қарай облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ пен депутат Айдашевтің арасында мынадай диалог өрбіді:

Әкім: Мен облыстық мәслихат сессиясының жұмысына алғаш рет қатысып отырмын. Депутаттардың сессия жұмысына қатыспайтындығына таңым бар. Мен мұндайды бірінші рет көріп отырмын. Бұл тәртіп пен жауапкершіліктің жоқтығынан. Сіз Ибрашевтің сөйлеуіне кедергі келтіргіңіз келгенде не айтқыңыз келіп еді?

Айдашев: Біз бұл мәселелерді кеше ғана қалған депутаттармен талқыладық.

Әкім: Сіз Сүлейменовті өкілеттігінен айыруға қатысты даулы мәселелер бар деп айттыңыз. Қандай мәселелер?

Айдашев: Бәлкім, ол жолда жүрген шығар немесе ауруханада жатқан болар. Түрлі себептер болуы мүмкін ғой. Оның ақтау құжаттарының бар-жоғын сұрау керек.

Әкім: Бәрі түсінікті. Тексеру жұмыстары басталмас бұрын ол бірнеше сессияға қатыспаған, демек, сіз онымен біргесіз.

Сізге қатысты бәрі түсінікті. Мен мынаны айтайын.

Республикалық бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржылар заңсыз пайдаланылған. Жұмыстар сметасыз және құжаттарсыз жүргізілген. Енді біз төлемдерді қалай жүзеге асырамыз?

Мен президенттің қабылдауында болған едім. Біздің таяудағы үш жылдың қаржысын кемітіп тастайтын болды. Мен президенттен қаржыландыруды қысқартпауды өтінген едім. Енді шешімін күтіп отырмыз.

Сіздер облыста жүргізіліп жатқан бүкіл жұмыстарды талқылауға тиіссіздер. Сметасы бар ма, жоба мемлекеттік сараптамадан өтті ме, бәрі сапалы жасалды ма дегендей... Біз қазір мердігерлердің орындау үшін ұсынған бағаларын қайта қарап жатырмыз. Облыс бюджеті үшін миллиардтаған теңгені үнемдейміз. Бағалар 2-2,5 есе жоғары ұсынылған. Депутаттар, сіздер қайда қарағансыздар? Сіздердің бәріңіз экономист, бизнесмендерсіздер. Бұл істің мән-жайын түсінесіздер. Неліктен дер кезінде дабыл қақпадыңыздар?

Жауап орнына тыныштық орнады. Айтпақшы, «УС-99» ЖШС басшысы депутат Владимир ПАК та бұл жолы сессияға қатыспады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 қазан 2012, 21:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.