Атырау, 29 наурыз 20:08
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Құлсарыдағы құлағалы тұрған үй

3 245 просмотра

Жылыой ауданы әкімінің сайтында Құлсары қаласы 1-ықшам-ауданындағы 60 пәтерлік №27 үйдің апаттық жағдайға жеткендігі турасында жұртшылық дабыл қағып отыр.

Сайтта Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ жауабында арнайы құрылған комиссияның акт жасақтағаны айтылған. Ал нақты шарасының қашан жүзеге асатындығы көрсетілмеген. Бұл жөнінде Құлсары қаласы әкімдігінен сұрағанымызбен, толыққанды жауап ала алмадық.

Ал бізді №27 үйдің тұрғындары үреймен қарсы алды. Олардың кейбірі бір күні жазатайым астында қалып қоямыз ба деп қорыққаннан ағайын-туыстары мен тамыр-таныстарын сағалап кеткен.

- Бұл үй 1988 жылы пайдалануға берілді. Кейінгі кездері үйдің бір жағына қисайғаны анық сезілді. Ішкі қабырғалар мен подъездер шытынай жарылып, сылақтары түсіп қалды. Ал жақында үйдің сыртындағы сарғыш қаптамалар арматуралармен бірге опырылып түсе бастады. Құдай сақтап, адам аман. Балалар ойнап жүріп, бір күні астында қалып қоя ма деп қорқамыз, -дейді тұрғын Қарағұл АНДЕЕВ.

Апатты үй бір жағына қисайғандықтан сырт көзге қасында тұрған №14 үйдің «иығына» бас сүйеп тұрғандай (суретте). Үй іргетасының отырып қалғаны анық көрініп тұр. Тұрғындармен сөйлесу барысында олардың әлі күнге дейін бұл үйді апатты жағдайда екендігін растайтын қорытындыны мемлекеттік сәулет және құрылыс инспекциясынан алмағандығы белгілі болды. 

- Басқа үйлерге қарағанда бұл үйдің кенеттен қисаюы іргесіндегі Қамыскөл көліне байланысты, - дейді №27 үйдің тұрғындары. - Жыл сайын су тасып, жерасты суы жертөлеге кіріп кеткен. Оның үстіне инженерлік жүйенің дұрыс болмауы да жертөленің үнемі ылғалды болуына әкеліп соғып, айналғанда үйді апатқа жеткізген. Ал жергілікті билік әзірге ештеңені ашып айтпауда. Үй опырылып, отбасымызбен астында қаламыз ба деп зәреміз ұшып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 қыркүйек 2012, 21:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.