Атырау, 23 сәуір 13:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Мақаттағы сапасыз құрылысқа кім жауапты?

4 161 просмотра

Аудандағы жаңадан салынған объектілер сапасы сын көтермейді. Текке кеткен есіл ақша.

Мақат ауданындағы 2008 жылы пайдаланылуға берілген 250 орындық мектеп-интернат, 2010 жылғы 424 орындық мектеп, 2011 жылғы 250 адамды қабылдайтын емхананың сапасы сыр бере бастады.  Қыруар қаржы жұмсалған аталған объектілер сапасыз болып шықты.

 

ИНТЕРНАТ ҚУАНЫШЫ ҰЗАҚ БОЛМАДЫ

465 млн. теңгеге бағаланған Доссор поселкесіндегі С. Шарипов атындағы мектеп-интернат 2005-2007 жылдары салынып, 2008 жылы толық пайдаланылуға берілген болатын. Бірақ, кірмей жатып интернат құрылысының олқылығы көзге ұрып тұрды. Іргетастан басталып, 3-ші қабаттың жоғары тұсына дейін жарықтар пайда болыпты. Жұмысшылардың айтуынша, пайдалануға берілген жылы жаңбыр қатты жауып, обьектінің бір бөлігінің астына су кірген. Өйткені жаңа құрылысқа жер дұрыс таңдалынып алынбаған. Сапасыздықтың салдарынан 250 орындық интернаттың 100 орындығы пайдаланылмай тұр. Балалар жататын 4 бөлменің төбесі, қабырғасы шытынап жарылған. Ал мердігер компания «ЗападСтройИнвест» ЖШС кепілдік мерзімін бітіргеннен кейін енді бұған жауап бермейді.

-Былтыр интернаттың пайдасыз бөлігіне жөндеу сұрап, әкімшілікке, білім бөліміне хат жаздым. Осыған орай комиссия құрылып, барлығын көзбен көріп кетті. Бірақ қаржы бөлу жайы шешілместен қалды,-дейді С. Шарипов атындағы мектеп интернаттың директоры Мағзом ИМАНҒАЛИЕВ.

Интернаттың айналасын көгалдандыру жайы жеткілікті қолға алынбаса, спорт алаңын жасақтау жетім баланың күйіндей.

 

ЛЕНТАСЫ ҚИЫЛДЫ, БІРАҚ...

Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған жаңа мектептің жайы сын көтермейді.

Мақат кентінің «Бәйгетөбе» бөлігіндегі 424 орындық жаңа мектептің құрылысы 2009 жылы қолға алынғанда қуанбаған адам қалмаған. Себебі, ескі мектеп апаттық жағдайға жетіп, құзырлы орындар балаларды оқытуға болмайтынын ескерткен болатын. Сөйтіп, жаңа мектептің лентасын 2010 жылдың27 желтоқсанында бұрынғы облыс әкімі Серік АМАНҒАЛИЕВ өз қолымен қиып, тапсырған еді. 

- Ресми тапсырылғанымен сол жылы құрылыстың кейбір бөліктері бітпегендіктен тек бірінші қабатында 4 сынып оқушылары ғана оқып шықты. Ал2011 жылы түгелдей көшуімізге тура келді. Өйткені ескі мектеп тіптен жарамсызданған еді,-дейді Бәйгетөбе орта мектебінің директоры Гүлнар ҚАЛАҒАНОВА.

Бюджеттің 900 млн теңгесіне салынған жаңа мектептің жыры бүгінде көбейді. Ғимараттың бірінші қабатындағы бөлмелердің қабырғалары шытынай жарылып кеткен. Мұндай жағдай асхана, бірінші қабаттағы дәліз, әжетхана, киім шешінетін орындарда орын алған. Баспалдақ, дәліз кафельдері түсе бастапты. Сөйтсе, құрылысшылар көз алдап, астына цемент құймастан кафелдерді төсеп кеткен болып шықты. Екі спорт залдағы төбедегі ілінген шамдардың ілгіштері істен шығып, мектептегі кіреберіс пластикалық төбе жабындысы қатты желде түсіп қалған. Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, жел соққан жақтың бөлмелері терезелердің сапасыз салынғандығынан күрт суып кетеді екен.9 бөлменің қабырғасы 3-4 см-ге дейін отырып кетсе, сыртқы 2 пластик есік жарамсыз күйде.

- Бізде жарық жиі өшетін болды. Жарық сөнгенде жылу қазандығы бірге өшеді. Негізі өрт сөндіргіш құралдардың келмеуінен өрт сөндірушілер айыппұлды бізге салуда. Шындығында мұнда біздің еш кінәміз жоқ қой, бұл мерді-гердің жұмысы. Жер актісін ала алмай отырмыз,-дейді мектеп директоры Г. Қалағанова қынжылыспен.

Мектеп басшылығы осы жоқтар мен құрылыстағы олқылықтарды қалпына келтіру үшін мердігерге, құзырлы орындарға қайта-қайта хат жазуда. Аталмыш обьектінің бас мердігері «АтырауКапСтрой» ЖШС директорының міндетін атқарушы Айгүл КЕНЖЕҒАЛИЕВА 2012 жылдың 1 наурызында балалар каникулға шыққасын мектептің қайта жөнделетіні жөнінде жауап хатында нақтылапты.

 

ЖАҢА ЕМХАНА ДА ЖӨНДЕУГЕ ТҰРМАҚ

Мақат кентіндегі 250 адамды қабылдайтын емхана құрылысына қазына қаржысының 1,7 млрд теңгесі жұмсалды. Мұның бас мердігері «Эксполинс» ЖШС-і болса, тапсырысшысы облыстық құрылыс басқармасы. Емхананың тұсаукесеріндегі символикалық лентаны облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ 2011 жылдың 22 маусымында қиып кеткен болатын. Қазанда ақ халаттылар ескі ғимараттан жаңа ғимаратқа көшіп болды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады, бірнеше айлардан кейін медиктер қорқынышқа бөлене бастады. Себебі неге екені белгісіз, 8 бөлменің жарлары, есік жақтаулары мен жоғары бөліктерінде жарықтар пайда бола бастады. Бұл жарықтарға қазір саусағың емін-еркін сиып кетеді. Және ұзыннан шұбақ жарылған жарықтар күннен-күнге ұлғайып бара жатқанын медиктер жасырмады. Құны миллиард тұратын ғимаратқа келушілер де наразы кейіпте.

Суретке түсіріп жатып қабырғалардың бұлайша ырсиып кетуінің себебін білмек болғанбыз. Аудандық аурухананың бас дәрігері Батырбек ОҢДАСЫНОВ бөлмелерді бөлген жарлардың бұл кейпі қабырғаның астыңғы бөлігіндегі топырақтың өз дәрежесінде нығыздалмауынан, болмаса іргетастың құйылмауынан деп түсіндірді. Және бас дәрігер дабыл қағып, қыстай жан-жаққа  хатты боратумен болыпты.

 

ТЕК САБЫР САҚТАҢЫЗДАР!

Аудандағы ғимараттардың сапасыздығының неліктен болғандығын білу өте қиынға соқты. Жауапты мекемелер бір-біріне сілтеуден әрі аса алмай отыр.  Бұл жерде құрылысты бақылаушы технадзорлар қайда қарап отырғаны түсініксіз. Ал тапсырысшы-облыстық құрылыс басқармасы бұл пәлендей құбылыс деп бағаламады.

- Бүгінде мердігерлерге 2 жылға дейін кепілдік мерзімі белгіленген. Құрылыста сапасыздық білінсе, екі жылға дейін тегін жөндеп береді. Жасаған жұмыстарын комиссия барып тексереді,-дейді облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ибрагим АМИРОВ.

- Сонда комиссия қалайша қол қойған?

-Емхана ғимаратының қазіргі жайы қорқынышты емес, ол сылақты дұрыс соқпаудан пайда болған. Комиссия қарады, бұл дабыл қағатындай жағдай емес. Сондықтан бұл олқылық ғимаратқа қауіп төндіреді деп айтуға болмайды. Құрылыста ондай жайттар болып тұрады. Қалай еткенде де мердігерлер жасап береді ғой. Күн жылына Бәйгетөбе орта мектебі, емхана ғимараты жөндеуге тұрады. Ал Доссордағы мектеп интернаттың жайын білмеймін.

Ал Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ сапасыздыққа құрылысшылар мен тапсырысшылар жауап беретінін жеткізді:

-Біз құрылысшы емеспіз. Сондықтан бұған қатысымыз жоқ. Күн жылына олқылықтар орнына келеді, ал мектеп-интернат пәлендей қорқынышты емес. Жарықтар бірқалыпты деңгейде. Менің бар айтпағым осы.

Ләзат ҚАРАЖАНОВА,

Суретті түсірген автор

16 мамыр 2012, 21:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.